Белгілі қазақстандық блогер Максим Рожин елдің тұрғындарына еріктіге айналып, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге көмектесуді ұсынды, деп хабарлайды VRK News.
Максим Рожин қазақ тілі мәселесіне бейжай қарамайтындардың, тілдің иелерінің, оны үйренуге тырысып жүргендердің, көптен бері үйреніп алғандардың немесе үйретуге көмектесіп жүргендердің бәрін қазақ тілінің еріктісі болуға шақырды.
«Осы мәселеде әрқайсымыз тәлімгер болайық. Абайдың, Әуезовтің, Мағауиннің, Уәлихановтың, Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Тілендиевтің тілін шын меңгергісі келетінге қол ұшын берейік. Мен бұл қозғалысқа бейжай қарамайтындардың бәрін шақырамын! Қазақ тілін алға жылжытуда еріктілер (агрессияға емес, көмекке, сынға емес, қолдауға бағытталған игі еріктілер) болайық!», — деп мәлімдеді блогер.
Ол қазақстандықтардың Еріктілер жылында осы мәселенің айналасына бірігуін тіледі,
«Бұл азаматтық бастама, ақыры тәуелсіздіктің 30 жылынан кейін қазақша сөйлегісі келетіндердің бәріне көмектесуге бағытталған игі қозғалыс болсын! «Қазақша үйренуге көмектес» өзіңнің досыңа, әріптесіңе, көршіңе, партнеріңе. Қасыңдағы, осы көмекке мұқтаж адамға! Үздік тәжірибелерді, сөйлесу клубтарын, үйірмелерді табайық, үздік педагог-филологтарды табайық», — деп жазды Максим Рожин өзінің Facebook-тегі жазбасында.
Белсенді өз жазбасында акцияға қатысуға дайын адамдардың фотосуреттерін де жариялады.
Ұсынысты әлеуметтік желі пайдаланушылары қуана қабылдады: біреулер үйренуге ниет білдірді, біреулер мемлекеттік тілді әлдеқашан үйреніп жүр. Көмек ұсынуға дайын тұрғандар да бар.


