Ақтөбе облысы Қобда (Хобда) ауданының Әлия ауылында малдың жаппай ауруы анықталды. Белгісіз жұқпалы аурумен 10 күн ішінде 160-қа жуық ірі қара мал ауырды. VRK News aktobenews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлағандай, аудан әкімінің орынбасары Болат Құловтың айтуынша, алғашқы мәлімет 21 сәуірде түскен. Алғашында 3-4 бастың ауырғаны айтылған, кейін ауырған ірі қара малдың саны 157 басқа жеткен.
Болат Құлов:
«Ауылда үш табын бар. Олардың бәрі бөлек жайылады. Ауру бір табыннан анықталды. Белгісіз жұқпа өте тез тарайды. Он күн ішінде 160-қа жуық бас ауырып үлгерді. Облыс орталығынан және республикадан мамандар келді. Малды жайылымға айдауға уақытша тыйым салынған. Ауылдың шетіндегі арнайы бөлінген жерде ауырған малды сою және өңдеу жүріп жатыр. Ветеринар дәрігерлердің айтуынша, үй жануарларының еті тамаққа жарамды. Ал бас, сирақ және терілер сол жерде өртеледі. Біздің міндетіміз — жұқпаның таралуына жол бермеу».
Ауырған малдың температурасы көтеріліп, көп көбік шығады. Мамандардың айтуынша, дене қызуының жоғары болуынан мүйіз бен тұяқ пішіні өзгереді. Кейбір шаруашылықтарда ауырған мал бірнеше бастан анықталды. Мысалы, жергілікті тұрғын Сайлыбай Үдербайдың 14 бас ірі қара малының 10-ы белгісіз аурумен ауырған.
Сайлыбай Үдербай:
Белгілер 10 сиырдың бәрінде байқалады. Бұзаулар өліп жатыр. Интернеттен қарадық, аурудың белгілері ящурға ұқсайды. Індеттің әрі қарай таралуынан қорқамыз, сондықтан малды сойып жатырмыз. Етті сатып алушыларға келісін 900 теңгеден сатамыз.
Алпыс бес жастағы Қалима Жақыпованың екі сиыры өлді. Қазір ауру емізулі бұзауларға ауысты.
— Біздің көшеде зардап шеккен шаруашылықтар өте көп. Кейбірінде ауырған малдың саны 8-12 басқа жетеді. Мұнда қанша жыл тұрсам да, мұндайды бірінші рет көріп отырмын. Біздің мал Қобданың арғы жағында жайылады, аурудың себебін сол жақтан іздеу керек.
Ауылда ауданның бірінші тұлғалары жүр, олар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Төтенше тәртіппен ауылға ауданның барлық ветеринарлары шақырылды. Төрт бригада малға вакцинация жүргізіп жатыр. — Менің тәжірибемде мұндай жағдай бірінші рет байқалып отыр, — дейді ветеринар дәрігер Ғалым Жұпжанов.
Мал жайылған жерден топырақ, шөп және су сынамалары алынды. Зерттеу үшін олар Астанадағы ұлттық ветеринарлық референттік орталыққа жіберілді.
— Әзірге болған оқиғаға қатысты ешқандай болжам жоқ. Сынамалар зертханаларда зерттеліп жатыр. Жұқпаның әрі қарай таралмауы үшін ящурға және пастереллезге қарсы вакцинация жүргізіп жатырмыз. Ауырған малдың еті өңделеді. Адам үшін ол қауіп төндірмейді. Біздің облыста мұндай жағдай бірінші рет кездесіп отыр, — дейді облыстың бас ветеринарлық, санитарлық инспекторы Темірбек Нұртазин.
Жақын маңдағы басқа елді мекендерде малдан аурудың белгісі анықталмады. Аудан басшылығы белгісіз аурумен ауырған әр бұзауға 5 мың теңгеден материалдық көмек бөлуді көздеп отыр. Алынған сынамалардың нәтижесі алдағы бірнеше күн ішінде белгілі болады. Осы уақытқа дейін сырттан мал сатып алуға тыйым салынды. Жақын арада мал ұстайтын жерлерге дезинфекция жүргізіледі.


