Ұлттық банк лезде төлем жүйесін іске қосты

Ұлттық банк лезде төлем жүйесін іске қосты

Қазақстан Ұлттық банкі әртүрлі банктердің клиенттері арасында тәулік бойы лезде аударымдар мен төлемдер жасауға арналған лезде төлемдер жүйесінің жаңғыртылған платформасы (ЛТЖ) өнеркәсіптік пайдалануға енгізілгені туралы мәлімдеді, деп хабарлайды VRKNews.kz.

Жүйе қызмет көрсетуші банкке қарамастан төлем құралдарын пайдалана отырып, ыңғайлы әрі қарапайым онлайн төлем қызметі ретінде әзірленген. Жүйенің функционалы әртүрлі банктердің клиенттері арасында ұялы телефон нөмірі бойынша аударым жасауға және QR-код бойынша төлем жасауға мүмкіндік береді. ЛТЖ қаржы институттары ұсынатын цифрлық сервистердің ауқымын дамыту мен кеңейтуге негіз болады.

Сервистер екі кезеңмен іске қосылады:

— бірінші кезең — жеке тұлғалардың телефон нөмірі бойынша аударымдары (P2P-аударымдар);

— екінші кезең — QR-код арқылы (QR-кодтың ұлттық стандарты бойынша) қолма-қол ақшасыз төлемдер және сауда ұйымдарының пайдасына жаңа төлем сценарийлерін енгізу, оның ішінде сұрау бойынша төлемдер.

Клиенттерге сервистердің қолжетімді болғаны туралы өздеріне қызмет көрсетуші банк хабарлайды. Телефон нөмірі бойынша аударым үшін ақша жіберушіге ЛТЖ қатысушысы өз банкінің мобильді қолданбасына алушының ұялы телефон нөмірін енгізіп, аударым сомасы мен алушының банкін көрсетсе жеткілікті. Аударым бастамаланғаннан кейін ақша алушының ЛТЖ қатысушысы банктегі шотына лезде түседі. P2P-аударым қызметтеріне тарифтерді банктер өз клиенттері үшін өздері белгілейді.

Бүгінгі күні ЛТЖ-ға қатысу туралы келісімге тоғыз екінші деңгейдегі банк қол қойды, оның төртеуі өз клиенттеріне ЛТЖ-ға қолжетімділікті ашты, бес банк қосылу сатысында. Жаңа қызмет осы банктердің мобильді қолданбаларында ішкі процестер реттелген сайын пайда болады.

Келісілген кестеге сәйкес ЛТЖ-ға басқа қазақстандық банктерді біртіндеп қосу жоспарланған.

Көзқарас. Шындық. Қазақстан.