Мәскеу, 15 қазан. Мәскеудің Тверь аудандық соты Ресей Бас прокуратурасының Freedom Holding негізін қалаушы, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Тимур Тұрловқа қойған талабынан бас тартуын қабылдап, іс жүргізуді тоқтатты және жауапкерлердің мүлкіне салынған қамтамасыз ету шараларын алып тастады.
Талап сотқа 24 қыркүйекте түсті, ол туралы 1 қазанда белгілі болды. Прокуратура Тұрлов пен оған байланысты құрылымдардың мүлкін мемлекет кірісіне өндіріп алуды, сондай-ақ Freedom Holding тобын экстремистік ұйым деп тануды сұраған. Тұрловтан басқа, жауапкерлер қатарында Freedom Holding Corp., Freedom Finance Europe Ltd., W-Empirical Holding Corp. және Тұрловтың іскер серіктесі Аркадий Щукин тұрды.
Отырыста судья бас прокурордың орынбасары Ткачевтің талап қоюдан бас тарту туралы өтінішін жария етті. Сот талапкерге бұл негіздер бойынша Freedom Holding-ке қайтадан талап қоя алмайтынын түсіндірді.
Талап белгілі болғанда, Freedom Holding баспасөз қызметі холдингтің Ресейде қызметі де, активі де жоқ екенін және бизнеске елеулі тәуекелдер көрмейтінін мәлімдеді. Холдинг Ресей активтерінен 2022 жылы шықты; Тұрловтың өзі сол жылы Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды.
Тұрлов ФИДЕ президенті болып 26 қыркүйекте Самарқандтағы Бас ассамблеяда сайланды. Кейін екінші үміткер Вадим Розенштейн 2022 жылдан бері Украинаның санкциясында тұрған Тұрлов сайлауға қатыса алатын-алмайтынын түсіндіру үшін Спорттық төрелік сотына (CAS) жүгінді. CAS шешімі туралы мәліметті материал дайындалған кезде ашық дереккөздерден таба алмадық.


