Алмас Айдаров Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды VRK News мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алмас Айдаров бұған дейін Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп, ШОБ дамыту, индустрияландыру және инвестиция мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
БАҚ 2019 жылғы мамырда Қарағанды облысы әкімінің орынбасары кеудесінен пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған — сонда Айдаров тортты кескенде өзін жаралап алғаны анықталды.
Айдаров Алмас Айдарұлы 1983 жылғы 25 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. Біліктілігі — экономист. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрі болды. 2004-2006 жылдары — «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК-ның ішкі аудит жөніндегі маманы, инвестиция жөніндегі инженері.
2006 жылы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінің жетекші маманы болып жұмыс істеді. 2006-2012 жылдары — ҚР Президенті Іс басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің сарапшысы, ҚР Президенті Хаттамасының сарапшысы (ҚР Президентінің Әкімшілігі). 2012-2014 жылдары — «ОХК Инжиниринг» ЖШС басқарушы директоры («„Самұрық-Қазына“ ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы). 2014-2017 жылдары — «„Kaznex Invest“ ұлттық экспорт және инвестиция агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «„Kazakh Invest“ ұлттық компаниясы» АҚ басқарма мүшесі — басқарушы директоры.
2017 жылғы 28 маусымнан 2020 жылғы 3 ақпанға дейін Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп, ШОБ дамыту, индустрияландыру және инвестиция мәселелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.


