Ақтөбе халықаралық әуежайына атақты снайпер Әлия Молдағұлованың есімі берілді, деп хабарлайды VRK News.
Ақтөбе облысы әкімдігінің сайтында хабарланғандай, Қазақстан үкіметінің тиісті қаулысы шықты.
«Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 10-бабының 4-1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 «Қазақстан Республикасы аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекеттік меншіктің басқа да объектілеріне атау беру, сондай-ақ олардың атауларын қайта атау, транскрипциясын нақтылау және өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ-қа Әлия Молдағұлованың есімі берілсін», — делінген қаулыда.

Қазақ қызы Әлия Молдағұлова — атақты кеңестік снайпер, Ұлы Отан соғысы жылдарында 2-ші Прибалтика майданы 22-ші армиясының 54-ші жеке атқыштар бригадасында қызмет етті, ефрейтор. Кеңес Одағының Батыры (1944, қайтыс болғаннан кейін). Жаудың 78 сарбазы мен офицерін жойды.


