«Мен қазақпын, бірақ қырғыз маған туыс». Тоқаев Жапаровты қарсы алды

«Мен қазақпын, бірақ қырғыз маған туыс». Тоқаев Жапаровты қарсы алды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Сәдір Жапаровпен тар құрамда келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды VRK News.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, екіжақты келіссөздер алдында «Ақорда» президент сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін, Құрметті қарауыл ротасының командирі Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне сәлемдесу рапортын берді. Мемлекет басшылары Құрметті қарауылды аралап өтті, одан соң резиденцияның «Шығыс залында» тар құрамдағы кездесу өтті.

Сәдір Жапаровты қарсы алған Қасым-Жомарт Тоқаев оның Қырғызстан президенті ретінде елімізге алғашқы мемлекеттік сапарының маңыздылығын атап өтті.

«Біз бұл қадамды Қазақстанға деген құрметтің көрінісі деп санаймыз. Сіздің сапарыңыздың маңызы зор. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дамуына айтарлықтай серпін береді деп сенеміз. Сапарыңыздың бағдарламасы өте мазмұнды. Бүгін ынтымақтастықтың ең өзекті мәселелері бойынша пікір алмасамыз. Қол жеткізген келісімдеріміз халқымыздың мүддесіне қызмет етеді деп сенімдімін», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақ және қырғыз халықтарының дәстүрлі достық қарым-қатынасын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қырғызстанды одақтас қана емес, бауырлас мемлекет деп санайтынын айтты.

«Біз бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Біздің міндетіміз — осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Бүгінгі келіссөздеріміз нәтижелі болады деп ойлаймын», — деді Қазақстан мемлекетінің басшысы.

Өз кезегінде Қырғызстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін терең алғысын білдіріп, екі халықтың жақындығын атап өтті. Сәдір Жапаров көрнекті қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтің қазақ және қырғыз халықтарының жақындығы символдық түрде көрініс тапқан поэмасынан үзінді келтірді.

«Мен қазақпын, бірақ қырғыз маған туыс. Тағдырымыз бір арнада тоғысты. Бәлкім, бір қараторы ана бала кезімізде бір кесек нанды екеуімізге бөліп берген шығар», — деп келтірді Қырғызстан көшбасшысы.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшылары екіжақты стратегиялық серіктестіктің кең ауқымды мәселелерін қарады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, коронавируспен күрес жөніндегі бірлескен күш-жігер, сондай-ақ Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар желісіндегі өзара іс-қимыл талқыланды.

Көзқарас. Шындық. Қазақстан.