Бұл төлемдер келер жылы кімге және қаншаға артады? VRK News ақпараттық агенттігі сіздердің назарларыңызға 2020 жаңа жылы Қазақстан азаматтарына тағайындалатын жәрдемақылар мен зейнетақылар мөлшері туралы ақпаратты ұсынады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары қабылданды. Атаулы әлеуметтік көмек алуға қойылатын талаптардың қатаңдауына қарамастан, мемлекет аз қамтылған отбасылардан шыққан кәмелетке толмаған балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік пакет қалыптастырды.
Сондай-ақ атап өту керек, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына және ҚР Үкіметінің «Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру туралы» қаулысына сәйкес зейнетақылар мен жәрдемақылар қайта есептеледі
Жасына байланысты, 2020 жылдың қаңтарына дейін тағайындалған зейнетақылар алынатын зейнетақы мөлшерінің 7 пайызына артады. Мысалы, зейнетақы мөлшері көтерілгенге дейін 57900 теңге болса, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ол 61953 теңгеге тең болады.
Зейнетақының ең төмен мөлшері 36108 теңгеден 38636 теңгеге артады.
Зейнетақы тағайындалуына 2020 жылы алғаш рет жүгінетін азаматтар үшін мөлшерді есептеуге арналған ең жоғары табыс (жалақы) айлық есептік көрсеткіштің 46 еселенген мөлшерінен — 121 946 теңгеден аспауы тиіс. Мысалы, егер нақты табыс 180 мың теңгеден асса, зейнетақыны есептеу үшін 121 946 теңге табыс қабылданады.
Мыналар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленеді:
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 2651 теңге;
- күнкөріс минимумы (КМ) — 31183 теңге;
- базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері 16839 теңгені құрайды;
- ең төмен зейнетақы (2018 жылы тағайындалатындар үшін) — 38636 теңге;
- ең төмен жалақы — 42500 теңге.
Мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайында, жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, ерекше зиянды және ауыр еңбек жағдайындағы жұмыстарда істейтін адамдарға арналған мемлекеттік арнаулы жәрдемақыларды, балалар жәрдемақыларын (бір жолғы және бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне арналған), сондай-ақ көпбалалы отбасыларға және ата-аналарға (қамқоршыларға, қорғаншыларға) арналған жәрдемақыларды арттыру айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен күнкөріс минимумы (КМ) мөлшерінің өзгеруін ескере отырып көзделген.
Соғыс қатысушыларына жәрдемақылар
Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақы 42416 теңгені (16 АЕК) құрайды.
Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға — 20016 теңге (7,55 АЕК).
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға — 16 410 теңге (6,19 АЕК).
Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне — 11877 теңге (4,48 АЕК).
Соғыстан кейінгі уақытта қайтыс болған және өмірінде мүгедек деп танылған соғыс мүгедектері мен қатысушыларының қайта некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) — 6787 теңге (2,56 АЕК).
Тыл еңбеккерлеріне жәрдемақы — 5647 теңге (2,13 АЕК).
Соғыс қатысушылары болып табылатын Кеңес Одағының Батырларына, үш дәрежелі Даңқ орденінің иегерлеріне ай сайын 367 509 теңге (138,63 АЕК) төленетін болады.
«Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдарға ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 138,63 айлық есептік көрсеткішті — 367 509 теңгені құрайды.
Соғыс қатысушылары болып табылатын Социалистік Еңбек Ерлеріне — 197 898 теңге (74,65 АЕК).
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына — 2837 теңге (1,07 АЕК).
Дербес зейнеткерлерге — 2837 теңге (1,07 АЕК).
Мүгедектік бойынша жәрдемақылар
Жалпы аурудан мүгедектерге: I топқа — 59 872 теңге (1,92 КМ), II топқа — 47 710 теңге (1,53 КМ), III топқа — 32 431 теңге (1,04 КМ).
16 жастан бастап бала кезінен мүгедектерге:
- I топқа — 59 872 теңге (1,92 КМ);
- II топқа — 49 581 теңге (1,59 КМ);
- III топқа — 37 420 теңге (1,20 КМ);
- 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға — 43 657 теңге (1,40 КМ).
Ерекше жағдайларда жұмыс істегені үшін жәрдемақылар
№1 тізім бойынша алушыларға (ерекше зиянды еңбек жағдайындағы кәсіпорындарда жұмыс істеген адамдарға) арналған 9,42 АЕК құрайтын жәрдемақы 24973 теңгеге дейін артады.
№2 тізім бойынша алушыларға — 22216 теңгеге (8,38 АЕК) дейін.
Асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақылар
Ата-аналардың бірі болмаған кезде балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын төленеді:
- біреуіне — 26 818 теңге (0,86 КМ);
- екеуіне — 46 463 теңге (1,49 КМ);
- үшеуіне — 57 689 теңге (1,85 КМ);
- төртеуіне — 61 119 теңге (1,96 КМ);
- бесеуіне — 63 302 теңге (2,03 КМ);
- алтауына және одан да көпке — 65 797 теңге (2,11 КМ).
Толық жетімдер әрқайсысына 36 796 теңгеден (1,18 КМ) алады.
Балалар жәрдемақылары. Бала туғанда бір жолғы жәрдемақы артады:
- бірінші, екінші және үшінші балаға — 100 738 теңгеге (38,0 АЕК) дейін;
- төртінші балаға — 167 013 теңгеге (63,0 АЕК) дейін.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақылар мынадай болады:
- біріншісіне — 15 270 теңге (5,76 АЕК);
- екіншісіне — 18 054 теңге (6,81 АЕК);
- үшіншісіне — 20 811 теңге (7,85 АЕК);
- төртіншісіне және одан да көбіне — 23 594 теңге (8,9 АЕК).
Мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандарға — 43 657 теңге (1,4 КМ).
Бала кезінен I топтағы мүгедекті күтуге арналған жәрдемақы — 43 657 теңге (1,4 КМ).
Көпбалалы аналарға жәрдемақылар
«Алтын алқа» (жеті және одан да көп бала), сондай-ақ «Күміс алқа» (алты және одан да көп бала) алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы 16 967 теңгеге (6,4 АЕК) дейін артады.
Жерлеуге арналған жәрдемақылар
- Жерлеуге жәрдемақы — 41621 теңге (15,7 АЕК).
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын жерлеуге жәрдемақы — 97027 теңге (36,6 АЕК).
Көпбалалылық жәрдемақысы
Екі мың жиырмасыншы жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған (18 жасқа толғанға дейін) баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанындағы студенті бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы алушылардың қатарына кіретіндігіңізді тексеруге болады. ЖСН-ңізді енгізу жеткілікті.
Сонымен, әлеуметтік көмек туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер табыстарына қарамастан, ерекшеліксіз барлық көпбалалы отбасыларға мыналарды көздейді:
- төрт балаға айына 42 496 теңге;
- бес балаға айына 53 127 теңге;
- алты балаға айына 63 757 теңге;
- жеті және одан да көп балаға айына 74 388 теңге.
Бір нақтылау: бұл көпбалалылық жәрдемақысын тек балаларымен бірге тұратын отбасылар алады. Барлық баланың жасы 18-ден аспауы тиіс.
Алайда егер отбасында 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенті болса, отбасы әлі де көпбалалы болып саналады және жәрдемақы алуға құқылы. Көпбалалылық үшін жаңа төлемдер бұрынғыдан орта есеппен 4-7 есе жоғары. Салыстыру үшін, 4 баласы бар отбасылар айына 10 504 теңге алған.
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК)
Көпбалалылық жәрдемақысынан басқа Қазақстанда аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек сақталады. Бұл санатқа әр мүшесіне шаққандағы табысы күнкөріс минимумының 70%-ынан аз (2020 жылы ол 31 183 теңгені құрайды) отбасылар жатады. Демек, АӘК-ке орташа жан басына шаққандағы ай сайынғы табысы 21 828 теңгеден аспайтын отбасылар үміттене алады.
Атаулы әлеуметтік көмекті алдын ала есептеуді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында арнайы әзірленген онлайн-калькулятор көмегімен жасауға болады.
АӘК алушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр? Қазақстандықтар 2019 жылы мемлекеттен материалдық көмек алу үшін түрлі айла-шарғыға барғандықтан, ол оларға «өзара жауап беруді» шешті. Сонымен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап:
- отбасының барлық мүшелеріне АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде айқындалады;
- егер аз қамтылған отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері жұмысқа орналасудан бас тартса, бүкіл отбасыға АӘК төлеуді тоқтатады;
- АӘК-ке үміткерлердің материалдық жағдайын 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 3 емес, 7 күн бойы тексереді;
- АӘК тоқсан сайын тағайындалады.
Әлеуметтік жағдайды талдау елдің көптеген өңірлерінде адамдар АӘК алу үшін саналы түрде жұмыстан бас тартқанын көрсетті. Елдің оңтүстігінде тіпті ажырасу процестерінің саны артты. Қазақстандықтар барлық жерде дерлік өздерінің нақты табыстарын жасыра бастады немесе қарапайым тұрғын үйге жақын туыстарын тіркеу арқылы тұрғын үй жағдайларын нашарлатты. Сондықтан 2020 жылдан бастап мемлекет атаулы әлеуметтік көмек алушыларды бақылауды барынша қатаңдатады.
Балалар мемлекет қорғауында
Екі түрлі төлемнен басқа, мемлекет аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды нақты әлеуметтік қолдау шараларын ойлап тапты. Олар:
- 1 жастан 6 жасқа дейінгі сәбилерге арналған азық-түлік және гигиена құралдары;
- 6 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына мемлекет жол жүру шығындарын өтейді, сондай-ақ тегін ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етеді.
- 18 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардың барлық балалары үшін медициналық көмек және стоматолог қызметтері тегін болады.
Әрине, 6 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған «батыр аналарға» арналған жеке арнайы жәрдемақы сақталады. Орта есеппен олар өз мәртебесі үшін алты және одан да көп баласының бәрі тірі болғанша, өмір бойы 16 160 теңге алады.


