Thai Airways ұшағының экипажы стюардессаға әдейі жөтелген Қытай азаматшасымен қақтығысқа түсті, деп хабарлайды VRK News жергілікті The Thaiger басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 6 наурызда болды. Хабарлануынша, ұшақ Шанхайдағы Пудун халықаралық әуежайына қонып үлгерген, бірақ әуежайда Covid-19 коронавирусына қатысты қатаң тексеру рәсімдеріне байланысты жолаушылар жеті сағат бойы бортта қалуға мәжбүр болған.
Кейбір жолаушылар кідіріске ашуланды, ал бір әйел жолаушы соншалықты ашуланып, есіктерді ашуға мәжбүрлеу үшін қызметкерлерге әдейі жөтеле бастады.
«Thai Airways рейсінде бір қытай әйелі есінен танып, әйел стюардессаға әдейі жөтеліп, оны есікті ашып, шығарып жіберуге мәжбүрлеуге тырысты», — делінген басылым хабарламасында.
Өз кезегінде қауіпсіздік департаментінің басшысы болған оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.
«Тиісті нұсқаулар алмайынша, біз ұшақтың есіктерін аша алмадық. Жолаушылардың бірін бұл соншалықты ренжітіп, ол өте ұстамсыз әрекет ете бастады. Біздің қызметкерлердің біріне ол әдейі жөтелді. Ол тынышталған кезде, біз оған күтудің себебін түсіндірдік. Ақыры ол денсаулық сақтау қызметкерлерін күтуге келісті», — деп түсініктеме берді ұшу қауіпсіздігі департаментінің басшысы.
Сонымен бірге, 10 наурыздағы жағдай бойынша жаңа типтегі коронавирус жұқтыру (COVID-19) анықталған жағдайлар саны 114 мың 452-ге жетті, 4026 адам қайтыс болды, деп сейсенбіде Джонс Хопкинс университеті хабарлады.
Коронавирус 100-ден астам елге әсер етті, онда 64 мың 169 адам сауығып кетті.


