Белгілі қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеев жаңа деректі фильм түсірді, деп хабарлайды VRK News.
«Жусан. Үйге ұзақ жол» деректі фильмі көруге қолжетімді болды.
«ИГИЛ қатарына 2012-2015 жылдары тартылған қазақстандықтар көбіне Ауғанстан, Пәкістан, Ирак және Сирияға кетті. Кеткендердің нақты санын санау мүмкін емес. Адамдар жиі құжатсыз елден кетіп, үш-төрт шекара арқылы экстремистердің қолына түсті. Біздің деректі фильм — Ғанибет есімді әйел туралы, ол Сирияда хабарсыз кеткен жиендерін табу үшін терроризм мәселесі жөніндегі сарапшы Ерлан Қариннен көмек сұраған. Одан кейін не болғанын біздің шамамен бір жыл түсірген деректі фильмімізден білесіздер», — делінген режиссердің YouTube-арнасындағы фильм сипаттамасында.
Деректі лентада 2019 жылғы 28-31 мамырда Қазақстанның арнайы қызметтері басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен және шетелдік партнерлермен өзара іс-қимыл жасай отырып «Жусан» гуманитарлық операциясының үшінші кезеңін өткізген «Жусан-3» арнайы операциясы туралы айтылады, бұл кезде Сириядан 67 әйел мен 171 бала, олардың ішінде тоғыз жетім Отанына эвакуацияланды.
Еске салайық, «Жусан» гуманитарлық операциясы — Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған және өткен жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды акция.
Осы арнайы операцияның барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша — «Жусан-1» (2019 жылғы 6 қаңтар), «Жусан-2» (2019 жылғы 7-9 мамыр), «Жусан-3» (2019 жылғы 28-31 мамыр) — Отанына 357 бала эвакуацияланды, олардың ондағандары жетімдер.


