«Ембімұнайгаз» АҚ-ты Есен Қайыржан басқарады, деп хабарлайды VRK News компанияның қоғаммен байланыс қызметіне сілтеме жасап.
«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы болып бұған дейін «„ҚазМұнайГаз“ ұлттық компаниясы» АҚ-да сатып алу және жабдықтау жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарған Есен Қайыржан сайланғаны хабарланады.
Қайыржан Есен Қайыржанұлы — Атырау облысының тумасы, 1985 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген, қосымша жоғары экономикалық және бизнес білімі бар. Еңбек жолын институтты бітіргеннен кейін бірден Маңғыстауда 5-разрядты жөндеуші слесарь болып бастады.
«Мангышлакнефть» бірлестігінің «Жетыбайнефть» мұнай өндіру басқармасында пайдалану және жөндеу жөніндегі инженер, мұнайды дайындау және айдау цехының аға механигі, технологиялық қондырғылар машинисі болып жұмыс істеді. Мұнай-газ саласындағы маман ретіндегі кәсіби қалыптасудың барлық кезеңінен дәйекті түрде өтіп, Е.Қайыржан 1994 жылдан бастап «Южнефтегаз» МАҚ, «Құмкөл-Лукойл» АҚ-да басқарушылық лауазымдарда, «Тургай-Петролеум» АҚ бас директоры, «Қаражанбасмұнай» АҚ президенті және «„Қазгермұнай“ БК» ЖШС-да жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап «„ҚазМұнайГаз“ ұлттық компаниясы» АҚ-да сатып алу және жабдықтау жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарды.
«Ембімұнайгаз» АҚ директорлар кеңесінің 2020 жылғы 16 қаңтардағы шешімімен басқа жұмысқа ауысуына байланысты басқарма төрағасы Жақсыбеков Әнуар Еркінұлының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Сонымен бірге, 2020 жылғы 16 қаңтардағы «„ҚазМұнайГаз“ ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасына қарағанда, «Ембімұнайгаз» 2019 жылы көмірсутек ресурстық базасының қорларын едәуір арттырды. Өсім қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау арқасында мүмкін болды. ЭМГ мұнайының қалдық өндірілетін қоры 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 86,2 млн тоннаны құрады.
Қалдық қорлар 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 74,3 млн тонна болып бағаланған.
Еске салайық, «Ембімұнайгаз» АҚ — «„ҚазМұнайГаз“ ұлттық компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымы.


