Нұр-Сұлтанда демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды VRK News астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарлауынша, 14 және 15 қарашадан бастап әр демалыс күні «Аспан Базар» сауда үйінде (Қошқарбаев көшесі, 37) Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі.
Өңірлердегі шаруа қожалықтары Нұр-Сұлтан тұрғындарына қолжетімді бағамен азық-түліктің кеңейтілген ассортиментін ұсынады. Мысалы, картоп пен сәбіздің бағасы — 100 теңге, пияз бен орамжапырақ — 80 теңге.
Шаруа қожалықтары мен Ақмола облысының «Бакара» ЖШС-і сиыр етін килограмы 1750 теңгеден ұсынады.
Жылқы етін 1900 теңгеден, қой етін 1700 теңгеден Шығыс Қазақстан облысынан әкеледі.
Бакалея өнімдерін Ақмола және Қарағанды облыстары ұсынады.
Жәрмеңке апта сайын әр сенбі мен жексенбіде өтеді. Келушілер санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет.


