Ақмола облысы Зеренді ауданының Айдабол ауылының тұрғындары абыржуда: 112 жылдық тарихы бар спирт зауыты келесі аптада-ақ жұмысын тоқтатады. Басқарушы компания өкілдері консервация қыркүйекке дейін созылатынына, осы айлардың бәрінде қызметкерлерге жалақының 50 пайызы төленетініне сендірді. Қалыптасқан жағдайды BaigeNews.kz тілшісі түсінуге тырысты.
Сенімнің жоғары градусы
Қазақстанның солтүстігіндегі аңызға айналған спирт зауытына 113-ші жыл, ол 1906 жылы негізделген. Жергілікті тұрғындар айтады: мұнда отбасылардың үшінші-төртінші ұрпағы еңбек етіп келеді: арғы аталары, аталары, әкелері, балалары. Ал технологиялар бұрынғыша қалды — классикалық, адал. Зауытта алкогольді сусындар мен «Альфа» класты спирт шығарады. Бұл — таза, тек астық шикізатынан жасалған деген сөз.
«Айдаболдың» марапаттары өте көп. Мәскеуде өтетін спирт пен арақтың үздіктерінің тәуелсіз халықаралық байқауына зауыт 12 жыл бойы қатысып келеді. Және жыл сайын өнімнің жоғары сапасы гран-при мен алтын медальдармен расталып келді.
Спирт зауытының өндірістік қуаты — жылына 600 мың декалитр өнім.
Ауыл есеңгіреп қалды
Күндердің бірінде басқарушы компания спирт зауыты қыркүйекке дейін жабылатынын мәлімдеді. Себебі — ауыр қаржылық жағдай. Бұл 210 адам жұмыссыз қалады дегенді білдіреді. Әкімшілік қызметкерлерге осы уақыт ішінде заңмен белгіленген жалақының елу пайызын төлеуге уәде берді.
«Жұмысшылардың жалақысы көбіне 50-60 мың теңгені құрайды. Яғни 26-30 мыңнан шығады. Әрқайсымыздың несиелеріміз, ауылдық дүкендердегі қарыздарымыз бар. Көбі студент балаларының оқуын төлейді», — дейді бас технолог Юлия Зинченко.
Зертхана меңгерушісі Валерий Щукаревтің жалақысы сәл жоғары — 120 мың. Бірақ екі студент баланың әкесі үшін 60 мың — әлсіз жұбаныш.

«Белгісіздік қорқытады. Басқа жұмысты қайдан іздеу керек? Бұл — көшу деген сөз: аудан орталығына немесе қалаға қатынап жүре алмайсың. Оның үстіне, бізді сонда кім күтіп тұр?! Мен мұнда 20 жыл жұмыс істеймін. Мұнда менің үлкен атам, атам, әкем өмір сүріп, еңбек етті. Менің балаларым — бесінші ұрпақ», — деп қолын жайды ер адам.
Зауыт жұмысшылары алаңдайды: суықтан инженерлік коммуникациялардың, құбыр желілерінің кейбір учаскелері қатып қалуы, жабдық істен шығуы мүмкін.
Пікір айтқысы келетіндер ұзын қатар болып тұр.

«Туған зауытымда 22 жыл жер жыртып жұмыс істедім. Әртүрлі болды. Ғимараттарды жөндеді — бізді демалысқа жіберді. Бірақ зауытты жабу… Бұл ел тарихы ғой, экономиканың мақтанышы! Мен жалғыз тұрамын және бар өмірімде тек зауытқа сүйендім. Табысым — 50 мың теңге. Қалатыны 25 мың — несиемен не істеу керек? Банк менің жағдайыма қарамайды — үйді тартып алады», — деп уайымдайды Қымбат Жұмабаева.
Бар өмірін Айдаболда өткізген Александра Яковецтің жасы жетпістен асқан.
«Біз, зейнеткерлер, не істейміз? Зауыт жабылса — мектеп пен дәрігерлік амбулатория да жабылады. Өйткені барлық әлеуметтік объектілер содан қоректенеді. Біз гипертониктермін, диабеттіміз. Бізге кім қарайды? Біз үйде қырылып қаламыз ғой», — деп жылап жіберді егде жастағы әйел.
Атап өту керек, Айдаболда мыңнан астам тұрғын тұрады. Олардың арасында, дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Татьяна Шляйгердің айтуынша, шынында да, созылмалы науқастар көп.

Жергілікті билік абыржуда
Аудандық әкімдік істің мұндай бұрылысынан да абыржып отыр. Бұрын зауыт ешқашан консервацияланбаған, тіпті ашаршылық дәуірінде және Ұлы Отан соғысы кезінде де. Керісінше, осы зауыт пен оның бардасының арқасында сол кезде көптеген мың адам аман қалды, өйткені жейтін нәрсе болды.
«Әрине, біз де жағдайға алаңдаулымыз. Бүкіл жергілікті әлеуметтік сала «тоқтап қалу» қаупінде. Мектеп, балабақша және шағын орталық, дәрігерлік амбулатория, дәріхана, клуб — осы өмірлік маңызды объектілердің бәрі зауыттан «қоректенеді». Әңгіме жылу және сумен жабдықтау туралы. Дәл зауыт орналасқан ауыл бөлігінде шамамен 500 адам осы суды пайдаланады. Сондай-ақ тегін қоғамдық моншасы бар, онда тек Айдаболдың ғана емес, көрші Красиловканың да тұрғындары жуынады», — деп түсініктеме берді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Райхан Ғабдуллина.
Аудандық әкімдік «Айдабол спирт зауыты» АҚ президентінің атына, компания акционерлеріне зауыттың болашақ тағдыры туралы ақпарат беруді сұрап хаттар жолдады.
«Басқарушы компанияның Қазақстан аумағында төрт зауыты бар екені белгілі. Бүгін мен басқарушы менеджермен сөйлестім. Оның айтуынша, тек Айдаболдағы зауыт қана жабылмайды. Мысалы, Ақтөбе облысындағы Қандыағашта да. Әрине, бұл тең емес. Климаттық жағдайларды және консервацияның ауылдың әлеуметтік саласына қалай әсер ететінін ескеру керек», — деп қорытындылады агенттіктің әңгімелесушісі.
Спирт зауыты әзірге малды асырап отыр...
Спирт зауыты жергілікті шаруашылықтарды жеммен қамтамасыз етеді. Оның сабанына және ең бастысы бардасына (этил спиртін өндіру қалдықтары) үміттеніп, ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге мал ала бастады. Алаңдатарлық жағдайда фермер Айдархан Әбітаев та қалды. Өткен жылғы қазанда ол «Сыбаға» бойынша 52 миллион теңгеге 35 бас ІҚМ сатып алды.

«Барда мен сабан тегін болады деп есептедім. Сатып алуға тура келеді — тым қымбат. Мен күйремін, менің тек несиелік міндеттемелерім айына миллион үш жүз мың теңге. Маған сенген адамдар жұмыссыз қалады», — деп күрсінеді кәсіпкер.
Дәл осы зауыттың бардасы — тек Айдаболда ғана емес, төңіректегі ауылдардағы көптеген отбасының әл-ауқатының кепілі.
«Біз малдың арқасында күн көреміз. Көктемде өткіземіз, түскен ақшаға отын, көмір аламыз, киінеміз, балаларды оқытамыз. Жалақы ұнға, қантқа, макаронға кетеді. Бір жалақымен өмір сүру мүмкін емес, оның жартысын айтпағанда. Енді бізде мал өспейді, кімге өткіземіз? Коммерсанттар (малды қабылдаушылар — автор ескертпесі) зауыттағы жағдайды біліп, ет бағасын түсіреді», — деп уайымдайды жұмысшы Светлана Пугачева.
Жалпы, «Надежда-2017» АӨК төрағасы Любовь Бугаеваның айтуынша, спирт зауыты бірнеше ауылдың 4 мыңнан астам бас ІҚМ-ын тегін жеммен қамтамасыз етеді. Тек Айдаболда олардың 570 басы бар.
«Қыста біз үш-төрт тонна сүт жинаймыз. Мұндай еш жерде жоқ. Басқа елді мекендерде - 100-150. Қанша ет, сүт жоғалтамыз!», — деп налиды Бугаева.
Кәсіпорын неге жабылады?
Өнімді өткізу жоқ. Бұл — басқарушы компанияға сілтеме жасаған спирт зауытының директоры Петр Ольфертің айтуынша, басты себеп. Ал мәселе қазақстандықтар аз іше бастағанында емес. Пандемия мен карантин басталғалы керісінше көбірек ішіп жатыр. Мәселе басқада.
«Біріншіден, Қазақстанда бастапқыда жұмыс істейтін төрт спирт зауыты болса, қазір олар сегіз, — дейді Ольферт. — Екіншіден, біздің өнім өте қымбат. Мазутпен 1997 жылдан бері жұмыс істейміз. Көмірден мазутқа енді ғана көшкенде, ол тонна үшін небәрі үш-төрт мың тұратын. Қазір мазутты 92-ші бензиннің бағасымен аламыз. Негізгі шығындар тізімінде әрі қарай — астық шикізаты. Ол да екі жылда 55-тен 100 мың теңгеге дейін өсті. Мұның бәрі бағаға әсер етеді. Қымбат — сәйкесінше, өткізу жоқ — өндірісті азайтасың — өнім бағасы өседі. Түпкілікті өнімнің құнына жүктеме де әсер етеді. Қазір біз 30 пайызға жұмыс істейміз — тағы да спирт қымбаттады».
Өз арағы үшін спиртті Ресейден ала бастады
Компания тұйық шеңберден 2015 жылы шығуға тырысты. Сонда Айдабол зауыты үшін арнайы арақ зауыты — «GRAND ROYAL BOTTLERS» іске қосылды.
Оны Көкшетауда компания акционерлерінің бірі салды.
«Ол жұмыс істеп тұрғанда бәрі тұрақты болды: 60-70 пайызға жұмыс істедік. Бірақ 2019 жылы зауыт тоқтатылды, оны украиналық компаниялар тобы сатып алды. Алғашында ынтымақтасуға шешім қабылдағандай болды. 2020 жылғы қазанда «GRAND ROYAL BOTTLERS»-ке өнім жеткізу туралы шарт жасалды. Желтоқсанның басында іске қосыла бастады, спирт сынамасын сұрады. Керемет — не керек соны дейді. Бірақ содан кейін бәрі тоқтады. Омбыдан спирт алып жатқаны анықталды: онда әлдеқайда арзан. Осылайша біз өткізусіз қалдық», — деп түсіндірді зауыт директоры.

«Біздің жағдайымызға назар аударыңыздар»
Осы мүмкіндікті пайдаланып, агенттіктің әңгімелесушісі облыс басшылығы, елдің үкіметі аңызға айналған зауыт тап болған тұйық шеңберге назар аударады деп үміт білдірді.
«Іс жүзінде облыс шегінде орналасқан кәсіпорын («GRAND ROYAL BOTTLERS» — автор ескертпесі) Ресейден өнім әкеледі. Ал оның қасында спирт зауыты тұр. Және бұл бюджетке салықтар. Екінші жағынан, мазут бағасын қалыптастыруға көмек сұраймыз. Айтпақшы, мазутқа көшу қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды айтарлықтай азайтты», — деп атап өтті спирт зауытының директоры.

Зауыт иелері қолдарын жайды
Қорытындылай келе, ол басқарушы компания қазандықты жұмыс күйінде сақтауды тапсырғанына сендірді. Ол жылыту маусымының соңына дейін жұмыс істеп, барлық әлеуметтік объектілерді жылытады. Сумен жабдықтау да сақталады.
Зауыттың мүлдем жабылу ықтималдығы бар ма?
«Бәрі басқарушы компанияға байланысты болады. Олар маған зауыттың іске қосылатынына сендірді. Мүмкін, тіпті қыркүйектен бұрын», — деп қорытындылады Петр Ольферт.
Зауыттың күзде спирт шығаруын жалғастыратынын уақыт көрсетеді…
Әсел Тұрар, baigenews.kz


