Шымкентте дауыл үйлердің төбесін жұлып әкетті. Бейне

Шымкентте дауыл үйлердің төбесін жұлып әкетті. Бейне

Шымкентте өткен тәулікте оңтүстік-батыс, батыс желдің нақты жылдамдығы секундына 26 метрді құрады, деп хабарлайды VRK News.

Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, желге байланысты қала бойынша үш коммерциялық объектінің, бес көп қабатты тұрғын үйдің, білім беру саласындағы екі объектінің шатырлары жұлынып, автокөліктер мен ғимараттарға құлады.

Барлығы ғимараттардың үш мың шаршы метрден астам шатыры жұлынды, алты автокөлік зақымданды, 12 жастағы бала зардап шекті. Баланың денсаулығының жай-күйі бүгінгі күні орташа. Ол «Нұрсәт» шағын ауданындағы облыстық балалар ауруханасында ем алып жатыр.

Қаратау ауданында Нұрсәт шағын аудандарында, Қызылсу, Исфиджаб, Үтемес, Сайрам, Шапырашты тұрғын алаптарында электр энергиясы өшті. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын Қайнарбұлақ және Сайрам аудандық электр станцияларының мамандары жүргізді, 22:18-де аталған мекенжайларда электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.

Барлық оқиға орындарында Шымкент қаласының ТЖ департаментінің 24 адам жеке құрамы, 7 бірлік техникасы, «ҚазТрансГаз» АҚ Шымкент филиалының 3 қызметкері, 1 бірлік техникасы, «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-нің 3 қызметкері, 1 бірлік техникасы, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-нің 70 қызметкері, 10 бірлік техникасы жұмыс істеді.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Шымкент қаласының ТЖ департаментінде жедел штаб құрылды, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Департаменттің жеке құрамы әзірлікке келтіріліп, күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.

Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер мен апаттық бригадалар дауыл салдарын жоюмен айналысуда.

Көзқарас. Шындық. Қазақстан.