Тексеруші органдардың бизнесті формальды белгілері бойынша жауапкершілікке тартуға мүмкіндігі болмауы керек. Бұл туралы VRKNews.kz хабарлағандай, 8 шілдеде үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкімет отырысында қоғамдық тамақтану, сауда, тұру қызметтері, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы реттеуші актілерге жүргізілген талдау базалық шарттарға сәйкес келмейтін бірқатар артық және бір-бірін қайталайтын талаптарды анықтағанын хабарлады.
Бұл ретте алдағы айларда тағы алты бағыт бойынша талдау жүргізу жоспарлануда: ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау саласы, жылжымайтын мүлікпен операциялар, қоймалау, тау-кен өнеркәсібі және құбыр көлігі қызметі.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бизнеске қазір тиісті бақылауды қамтамасыз етуге зиян келтірмей-ақ жоюға болатын өте көп формальды талаптар қойылатынын атап өтті.
Премьердің пікірінше, мұндай формальды талаптардың болуы Қазақстандағы іскерлік ахуалға кері әсер етеді, сондықтан ұлттық заңнамадағы реттеуші актілердің кемінде үштен бірін қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс.
«Мемлекет басшысы алдымызға бизнеске көбірек еркіндік беру міндетін қойды. Бұл жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру аясындағы Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Тексеруші органдардың бизнесті формальды белгілері бойынша жауапкершілікке тарту мүмкіндігі болмауы керек. Алайда бүгінгі күні мемлекеттік органдар жұмысты қанағаттанғысыз жүргізді», — деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы тиісті органдарға қазақстандық нормативтік-құқықтық базаны бизнеске қойылатын артық талаптардан оларды қайта қарау және қысқарту арқылы тазарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
Әлихан Смайылов сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етуде тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін құру бөлігіндегі тәсілдерін құптады.
«Тексеруші ведомстволар бұзушылық тәуекелдері жоғары болған кезде әрекет етуі керек. Бизнестегі әкімшілік жүктемені төмендету және тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу — жүргізіліп жатқан реформадағы базалық қадамдар. Орталық мемлекеттік органдар басшыларына осы жұмыстың нәтижесі үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін тағы да ескертемін», — деп қорытындылады Үкімет басшысы.


