«Кейде қылмыстар ойдан шығарылды» — Антикор басшысы

«Кейде қылмыстар ойдан шығарылды» — Антикор басшысы

Көрсеткіштерді қуғанда кейде қылмыстар жоқ жерде ойдан шығарылады, сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері мен бөлімшелерінің жұмысын бағалау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Бұл туралы VRKNews.kz хабарлағандай, 8 шілдеде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы Олжас Бектенов мәлімдеді.

Антикор басшысының сөзінше, көрсеткіштерді қуғанда кейде қылмыстар жоқ жерде ойдан шығарылады. Бұл ретте есептердегі әрбір сан — адамның, оның отбасы мен жақындарының тағдыры екені ұмытылады.

«Ескі тәсілдің өзін-өзі ақтамағаны анық. Жұмысты бағалау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет», — деді Олжас Бектенов ведомствоның алқасында.

Бектенов айтқандай, бұрын Антикордың аумақтық департаменттеріне лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартқаны үшін ұпай беріліп отырған. Әшкереленген шенеуніктің лауазымы неғұрлым жоғары болса, ұпай соғұрлым жоғары.

«Бұл ақымақтық қой! Әрбір басшы сандардың қызығы үшін ең алдымен азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге емес, нысаналы көрсеткіштерге формальді түрде қол жеткізуге мән беретін. Біз нақты нәтижеге емес, үдерістің өзіне құмартып кеттік. Нәтижесінде, жақсы статистика аясында сыбайлас жемқорлық жағдайының нақты жақсарғаны соншалықты көрінбейді», — деді Олжас Бектенов.

Ол қылмыстық-процестік кодекске елеулі өзгерістер енгізілгеніне, қылмыстарды тіркеу тәсілдері қайта қаралғанына қарамастан, есептілік жүйесі бұрынғыша қала бергенін атап өтті.

«Егер нақты жақсарулар болмаса, адамдарды біздің анықталған қылмыстар мен ұсталған адамдар туралы көрсеткіштеріміз мүлде алаңдатпайды. Бірақ өлшемдер анықталған қылмыстар санына қойылса, үлкен сандар табысты жұмыс көрінісін тудыруы мүмкін», — дейді ведомство төрағасы.

Сандық бағалау кезінде нақты жедел қызметкер сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүдделі емес екені атап өтіледі. Керісінше, белгілі бір дәрежеде оған сыбайлас жемқорлық схемаларының сақталғаны тиімді. Ал бұл — болашақ көрсеткіштерге, келесі есепке қосу үшін қор.

Агенттік басшысы тиімділікті бағалаудың ескі тәсілдерін түбегейлі өзгертуге шақырды.

Көзқарас. Шындық. Қазақстан.