Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жарияланады

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жарияланады

Жақын уақытта Президенттік жастар кадр резервіне (ПЖКР) екінші іріктеу басталады, деп хабарлайды VRK News.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 18 мамырда «Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

ПЖКР-ға екінші іріктеуге жасы 35-ке дейінгі, жоғары білімі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар жастар қатыса алады. Сондай-ақ жаңа іріктеу аясында үміткерлерде мемлекеттік тілді орташа деңгейден (В1) төмен емес меңгергені туралы сертификаттың болуы талабы енгізілді.

Үміткерлерді іріктеу арнайы ақпараттық жүйе арқылы бірнеше кезеңмен жүргізіледі:

  1. Құжаттарды қабылдау (онлайн);
  2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (онлайн);
  3. Жағдаяттық есептерді шешу (онлайн);
  4. Құзыреттерді бағалау (офлайн);
  5. Сараптамалық комиссияда үміткерлермен әңгімелесу (онлайн);
  6. Ұлттық комиссия отырысында қарау (алдын ала онлайн). Үміткерлер резервке 3 жылға қабылданады.

Бүгінгі күні ПЖКР-ның бірінші іріктеуінен мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компанияларда әртүрлі лауазымдарға 179 резервші тағайындалды.

Осылайша, Президенттік жастар кадр резерві өзінің негізгі міндетін — жас кәсіпқойлар үшін тиімді әлеуметтік лифт құруды іске асырып жатыр.

Көзқарас. Шындық. Қазақстан.