Нұр-Сұлтан тұрғынына жоғалған телефонды ҚР Ұлттық ұланының патрульдері қайтарып берді, деп хабарлайды VRKNews.kz, қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 27 мамыр күні кеш бата «Сарыарқа» ауданында патрульдеп жүрген Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің қызметшілері жоғалған iPhone 11 телефонын тауып, гаджетті иесіне қайтарды.
Нарядтың аға қызметкері қатардағы жауынгер Бақыт Наурызбек қатардағы жауынгерлер Арсен Әбілханұлы және Артем Музыченкомен бірге көшеде патрульдеп жүріп, жерде жатқан ұялы телефонды көріп, иесін дереу іздей бастады.
Біраз уақыттан кейін телефонға иесінің өзі қоңырау шалды.
Сөйлесу барысында ұландықтар смартфонның азаматқа тиесілі екеніне көз жеткізді.
Оқиға орнына келген ер адам ұландықтарға сергек қызмет атқарғаны үшін алғыс айтты.


